Сегізінші наурыз - күннің шуағы төгіліп, мейірлене шапағын құйған ананың
ыстық құшағы сияқты бір әдемі күн. Осындай әдемі күні Отрадный негізгі мектебінің
оқушылары өз аналарына, әжелеріне, әпке-қарындастарына деген ыстық
сезімдерін «Әлемнің жарығын сыйладың сен маған...» деген тақырыптағы әсем әнмен, мың бұралған бимен, жылы лебіз өлеңдерімен білдіріп, мерекелік концерт берді. Концертке ауыл тұрғындары көптеп жиналды. Ақ жаулықты әжелер, ақ тілекті аналар, Жарқайың даласында гүл жарған бәйшешектей құлпырған қыздар ыстық лебіздері мен рахметтерін қуанышты жүздерімен білдірді. Мерекеге жиналған ауылдастарын мектеп басшысы, аудандық мәслихаттың депутаты Самаев Айтбек Құрманбекұлы құттықтады. Мерекені бастауыш сынып мұғалімі Юхимчук Инна Ивановна және жас маман, аға тәлімгер Сало Елена Олеговна нақышына келтіре жүргізді. Оқушылардың өнері көптің көңілінен шығып, жиналған қауым ризашылықпен тарқасты.
Мен де өз атымнан барлық нәзік жанды қауымды, әжелер мен аналарды, жеңгелер мен келіндерді, бойжеткендер мен бүлдіршін қыздарды және өзімнің әріптестерім – аудан мектептерінің ұстаздарын жайдары көктем мерекесі - Халықаралық әйелдер күнімен шын жүректен құттықтаймын !
Дендеріңізге саулық, бастарыңызға амандық тілеймін ! Көктеммен бірге жанұяларыңызға тыныштық, береке, бақыт келсін ! Әр күндеріңіз нұрға, көңілдеріңіз мөлдір сырға, айналаңыз жырға бөленсін !
Отрадный негізгі мектебінің
қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі
Белгінова Нағима Шөкенайқызы.