Асыл сөзді іздесең, Абайды оқы, ерінбе...
Ұлы Абайдың шығармашылық мұрасы - халқымыздың ғасырлар бойы маңызын жоймайтын рухани қазынасы. Бүкіл республика аумағында аталып өтіп жатқан Ұлы Абайдың 175 жылдық мерейтойына арналған іс – шаралар жер – жерде жүйелі түрде жүргізіліп жатыр.
«Отрадный негізгі мектебі» КММ-сінде «Абайтану» факультативтік курсы 8 - сынып оқушыларымен оқу жылының басынан бері оқытылып келеді. Факультативтік курстың мақсаты - Абай Құнанбайұлының қазақ жазба әдебиетінің көшбасшысы ретінде құбылыстық сипатын, бүкіл ақындық әлемін, өлең өнеріндегі өзгешелігін, шеберлігін танытуға бағытталған. Жалпы Абай өлеңдерімен таныстыру жұмысы бұл сыныпта бірінші жыл жүргізіліп отырған жоқ, бірнеше жыл көлемін қамтиды. Оған дәлел, 8- сынып оқушысы Мұқанова Әлия «Абай оқулары» сайысының бірнеше жылғы жүлдегері. Әр жыл сайын қатысып, бірінші жылы қатысқаны үшін сертификатпен марапатталды, екінші жылы - 2 орын иеленді, үшінші жылы – жүлделі 1 орынның иегері болды.
Факультативтік курс әр тоқсанға арнаулы құрылған жоспар бойынша аптасына 1 сағаттық жүктемемен өткізіледі.
1-тоқсанның жалпы тақырыбы «Абайды білмек парыз ойлы жасқа» деп аталады. Онда ақынның өмірі, халық даналығын тануы, Абай шығармаларындағы шығыстық сарындар және Абай және орыс әдебиеті тақырыптары қамтылған.
2-тоқсан жоспары М.Әуезов және Абайтану мәселелері, ақын шығармаларының басылымдары, Абай шығармаларыныдағы білім – ғылым тақырыптарына ден қоя отырып құрылған.
3-тоқсанда оқушылар Абай шығармаларындағы білім – ғылым туралы өлеңдерімен танысуды жалғастырады және Абайдың қарасөздерімен танысуға басымдық берілген.
Факультативтің жоспарында Абай Құнанбайұлы ұлы ғұлама ақын және өзінің көптеген өлеңдеріне ән жазған сазгер екенін терең түсінуге де көңіл бөлінген. Сондықтан 4-тоқсанның сабақтары Абай әндерімен таныстырады.
Абай шығармаларындағы үлкен бір бөлік – оның аудармашылық жұмыстары. Сондықтан жыл соңындағы сабақтардың біразы Абайдың орыс достарынан аударған шығармаларын қамтиды.
Сонымен қатар оқушылар Абай өмірінен қысқа метражды фильмдерді қызыға қарайды, маңызын түсінеді, фильмде көрсетілген салт-дәстүрлермен танысу арқылы көшпелі қазақ халқының өмірімен, тұрмыс-тіршілігімен танысады, мұғалімнің дайындаған тұсаукесерлерін (презентация) тамашалайды.
2019-2020 оқу жылының 3-тоқсанынан бастап 2020-2021 оқу жылының алғашқы айларын қамтитын аралыққа мектеп ұжымының барлық мұғалімдерін және мектеп кітапханашысын араластыра отырып «Ұлы Абайға 175 жас» тақырыбында мерейтойды атап өту үшін жұмыс жоспары құрылған. Жоспар әр түрлі іс-шараларды қамтиды. Факультативтік курс жұмысы және жоспарланған іс-шаралар Ұлы Абайдың өмірі мен шығармашылығын терең танытуға мүмкіндік жасайтынына сенімдіміз.
Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі
Белгинова Нағима Шөкенайқызы.